26.09.2021, 11:28
Қараулар: 77
ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

ОҢ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БАСТАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы Тәуелсіздіктің отыз жылдығын түйіндейтін сәтпен тұспа тұс келді.
«Егемендік дегеніміз – жалаң ұран, жалынды сөз емес» екенін айтқан Президент Қазақстанның алдағы қадамдары мен болашақ даму жолының бағыт-бағдарын айқындап берді. Өйткені әрбір қазақстандық тәуелсіздіктің игілігін сезініп, бейбіт өмірде, тұрақтылық пен тыныштықта өмір сүріп, тұрмысы түзу тіршілік кешуі қажет. Бүгінгі қолға алынған бастамалардың бәрі осы мақсатты орындауға бағытталған.
Иә, қазір қай елге де оңай емес. Екі өкпеден қысқан пандемия жер жүзіндегі мемлекеттердің барлығын тығырыққа тіреп тастады. Бүгінде барша адамзат баласын індеттен кейінгі өмір алаңдататыны ақиқаты. Әлемнің жетекші державалары арасындағы технологиялық қақтығыс, мемлекеттердің бір-біріне сенімсіздігі, індеттің жаңа толқындарының пайда болуы және басқа да жайттар тұтасып кетті.
Президент дәстүрлі Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңдегі даму, экономиканы өркендету тәсілдері, ауылшаруашылық саласының еңсесін тіктеу, денсаулық сақтау және білім-ғылым салаларын заманның жаңа талаптарына бейімдеу секілді қадау-қадау мәселелерге басымдық берді. Бұл өте өзекті, күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер. Жолдауда осының бәрі жүйелі түрде қамтылды. Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдардың алдына нақты міндеттер қойылды. Тиянақты тапсырмалар берілді.
Адам құқығын қорғау мәселелерін де Президент жеке басымдық ретінде бөлек атап өтті. Мемлекет бұл бағыттағы жұмысында қылмыстық процесті одан әрі жетілдіруге, полицияның сервистік моделінің ауқымын кеңейтуге, құқық қорғаушыларының құқығын қорғауға, балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қоюға баса назар аударуы керектігіне тоқталды.
Президент өзінің Жолдауында айтқан барлық бастаманы және стратегиялық міндетті жүзеге асыру үшін мемлекеттік аппарат пен қоғам бірлесе жұмылуы қажет екенін атап өтті. Сондықтан қоғамдық диалог барлық деңгейде өрбитін болады.
Таймас Ниязов,
Теректі ауданының №2 аудандық сотының төрағасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар