16.03.2021, 14:54
Қараулар: 210
КІШКЕНТАЙ МЕЦЕНАТ

КІШКЕНТАЙ МЕЦЕНАТ

Өмірдегі ең басты байлық өзіңнің және жақындарыңның денінің саулығы. Әсіресе кішкентай бүлдіршіндеріміз тіл көзден аман болса екен дейміз. Бірақ жақында бір қиындыққа тап болған отбасы жайлы естідік. Бөрлі ауданы Ақсай қаласының кішкентай тұрғыны Эмир бүлдіршініміз ауыр дертке шалдығыпты. Оның емі әлемдегі ең қымбат препараттардың бірі — Золгенсма.
Ия,қазіргі таңда барлық Қазақстан Эмирдің жағдайынан хабардар болып,қолдарынан келгенше көмектесуде. Федоров ауылының тұрғыны Айым Исмагулова Эмирдің жағдайын анасынан естіпті. Айымның анасы Мираның айтуынша олар кішкентай балғынды әлеуметтік желіге көп жақындатпағасын, Айым көп уақытын сабаққа арнайды екен.
-Дастархан басында жолдасым екеуміз кішкентай Эмирдің жағдайын айтып, біз де қолұшын беру керектігін айтып отырған едік. Айым әңгімемізді естіп, Эмир жайлы сұрай бастады. Жағдайдан хабардар болғасын ол велосипед алам деп жинақтап жүрген қаражатын Эмирдің еміне беретінін айтты. Әрине, бұл жайт бізді әрі-сәрі күйге түсірді. Қызымыздың жүрегіне жанашырлық сезімі орныққанына расымен қуандық.
Жеті жасар Айымның бұл әрекеті баршаны сүйсінтетіні жасырын емес. Ата-анасы берген тиыннан теңге құрап, оны қайырымдылыққа жұмсау — бүгінгі күннің ерлігі.
Естеріңізге сала кетсек, Ақсай қаласында тұратын Шахмаровтар отбасындағы 1 жастағы Эмирге «Спинальная мышечная атрофия» диагнозы қойылған еді. Бұл дерттен айығу үшін құны 2 млрд теңгеден асатын дәріні алу қажет.
Құрметті оқырман! Кішкентай Айым Сағидоллақызының ерлігін сіз де жасай аласыз. Шын ниетпен Эмирдің еміне беретін қаржыңыз сізді үлкен сауапқа кенелтеді. Жеті жасар балғынның әрекеті баршамызға сабақ болғай!
Дана РАХЫМҒАЛИҚЫЗЫ