16.03.2021, 14:52
Қараулар: 307
АУДАН ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСТІ

Жыл басында халық алдында есеп берген кезде Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов: «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жұмыстарын жандандыруды қолға алу ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге, өндірілген өнімді өткізуге мүмкіндік жасайды. Осы бағытта біз толық қанды жұмыс жасауға қол жеткізу үшін жұмыстанамыз» деген болатын.
Аудан аумағында осы жоспарды іске асыру үшін шаралар қабылданды.
Ең алдымен қызмет жасап тұрған немесе жұмысын тоқтатып тастаған кооперативтердің іс-тірлігіне сараптама жасалды. Дәл бүгінге ауданда 23 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Солардың 18-і жұмыс жасап тұр. 15 кооператив ірі қара мал және оларды тұқымдық түрлендіру бағытында жұмыс жасайды. Екі кооператив сүт қабылдаумен, бір кооператив су жеткізумен айналысады.
5 жыл бұрын 26 ауыл шаруашылығы кооперативі қызмет жасаған Теректіде олардың саны артудың орнына кемігені қалай? Бұған не себеп?
Мамандардың айтуынша, жұмыс тоқтауына себеп болған ортақ үш мәселе бар көрінеді. Біріншіден, ауылшаруашылық жері берілмеуі. Мемлекеттік субсидиялардың қолжетімсіздігі, керекті техника-қондырғылар сатып алуға мүмкіндік болмауы да кооперативтердің жұмысының тоқтауына сеп болған.
Осындай олқылықтар мен одан шығу жолдарын қарастыру, шағын шаруашылықтарды бір жерге жұмылдыру мақсатында ауданда жұмыс тобы құрылды. Аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі орынбасарлары, округ әкімдері, қоғамдық белсенділер және де осы шаруаның ыңғайын білетін кәсіпкерлер мен қожалық басшылары ауыл шаруашылығын дамытуда күш біріктірудің тиімді екенін түсіндіріп, ауыл-елді аралап жүр.
Аудан әкімінің өзі де түсіндіру шараларына белсене кірісті. Өткен аптада аудан әкімдігінде ол қожалық басшыларымен бетпе-бет кездесіп, өндірістік кооперативке бірігу жайын талқылады.
Арман Кәрімұлы: — Аудан аумағында сүт өңдеу, етті бройлер тауықтарын өсіру, көкөніс-бақша, жеміс-жидек өсіру бағыттарында кооперативтер құру керек. Кооперативке мүше болғандар бірқатар жеңілдікке ие болады. Мысалы, мал-құспен айналысқандарға құнарлы азық, жем-шөп өзіндік құнмен беріледі. Өсімдік шаруашылығында отырғызылатын көшеттер мен тұқымдар өзіндік құнмен ұсынылады. Және де, өнім өткізуде көмек-жеңілдіктер де болады,- деп бірігудің тиімді жақтарын баса айтты.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды толық сақтаумен болған кездесу барысында қожалық басшылары ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтеріне бірігу жайындағы өз ойларын айтып, қызу талқылады.
Камелия ӨТЕУ