11.02.2021, 17:44
Қараулар: 228
ТЕРЕКТІДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ КООПЕРАТИВТЕРІ ЖАНДАНАДЫ

ТЕРЕКТІДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ КООПЕРАТИВТЕРІ ЖАНДАНАДЫ

Теректі ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Арман Өтеғұловтың халыққа есеп беру жиыны өтті. Санитарлық-эпидимиологиялық ахуалға байланысты жиын онлайн форматта өрбіді. Оған БҚО әкімі Ғали Есқалиев қатысты. Тікілей эфир арқылы халық әкім есебін түрлі әлеуметтік желіде еркін тамашалап, өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік алды.
Күн тәртібінде бір ғана мәселе қаралды. Ол ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алда тұрған міндеттерін саралау-тұғын. Теректі ауданы әкімі Арман Кәрімұлы өз баяндамасында демографиялық өсімнің бірқалыпты екендігін, өткен жылы табиғи өсім 274 адамды құрағанын атап өтті. 
Ия, 38 244 адам қоныстанған Теректі ауданы жыл сайын жаңа белестерді бағындырып, алға адымдап келеді. 2020 жылы аудан бюджетінің кіріс бөлігі 15 млрд теңгені құраса, оның ішінде жергілікті салықтан түскен қаражат көлемі 1 млрд 454 млн теңге. Халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеруде инвестициялық салымдардың орны ерекше екендігі ақиқат. Есепті кезеңдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 10 млрд 903 млн теңгені құраған.
Теректі ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы мекендердің қатарында. Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20 млрд 785 млн теңгеден асып жығылыпты. Аудан әкімі өз баяндамасында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Ауданда тіркелген 22 ауыл шаруашылығы кооперативі болса, оның бүгінде 17-сі жұмыс жасап тұр. Соның ішінде 15 кооператив ірі қара мал және оларды тұқымдық түрлендірумен, бір кооператив сүт қабылдаумен, бір кооператив су жеткізу жұмыстарымен айналысуда. Сайып келгенде, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын жандандыру ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге, өндірілген өнімді өткізуге мүмкіндік жасайды. Арман Кәрімұлы әлеуметтік бағдарламалар бойынша берілетін грант(«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты) алушыларды кооперативке біріктіріп, тиісті дәрежеде жасақталған іс-шаралар бойынша жұмыстар атқарылатынын тілге тиек етті.
Ауылшаруашылық саласындағы аталған жұмыстар нәтиже беруі үшін су қоры жеткілікті болуы тиіс. Жиын барысында аталмыш мәселе де кеңінен қозғалды. Ауданда 10 су қоймасы, 40 тоған бар. Олардың кейбіреуі аудан теңгерімінде жоқ. Әзірге оларды теңгерімге алып, жөндеу жұмыстарын жасау жоспарда. Жұмыстар тек мемлекеттік қаржы есебінен емес, жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуымен де жүзеге асады. Ол жөнінде аудан басшысы баяндады.
— Ауыл шаруашылығы саласында шабындық, жайылымдар мен суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін қыркүйек айында 30 жыл көлемінде сусыз тұрып қалған, ұзындығы 57 км-ді құрайтын «Жайық-Шалқар» каналын іске қосқан болатынбыз. Осы жұмысты қолға алғанда шаруа қожалық өкілдері, кәсіпкерлер бізге едәуір көмектесті. Электр энергиясын өтеуге 4 млн 900 мың теңге қаражат жұмсалып, 2 млн 900 мың метр куб су 13 км канал бойына жеткізілді. Жоспарда Қарабас тоғанына су жеткізіп, канал бойындағы 5 ауылдық округ тұрғындарының ауыл шаруашылық малдарын жайылыммен қамту, суармалы егістік жерлерін суландыру бар,-деді аудан басшысы өз сөзінде.
Ауданда жер мәселесі өткір боп тұр. Аудан тұрғындарының көкейінде жүрген сауалдарға аудан басшысы есептік кездесу аясында жауап бергендей болды. Өткен жылы пайданылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізіліп, нәтижесінде 51,1 мың га жер телімі анықталған. Жүйелі жұмыстардан соң 10,4 мың га жер мемлекеттік қорға қайтарылса, 17,6 мың гектарды жалға алушылар тиесілі жерді игеруге кіріскен. 2020 жылғы есеп бойынша 18 жер телімі мемлекеттік қорға қайтарылған. Қолдағы малды бағатын жайылымдық жерлерді ұйымдастыру мақсатында елді-мекен айналысынан жалға алып, игерілмей отырған жерлерді қайтарып, жеке тұрғындардың мал жайылымдарына 8500 га жер берілген. Ал жалпы көлемі 13,48 га болатын коммерциялық жерлерге 5 аукцион өткізіліп, бюджетке 20,7 млн теңге түскен.
Есеп беру барысында аудан әкімі кәсіпкерлік, білім беру, мәдениет, денсаулық салаларына да кеңінен тоқталып, бірқатар жұмыстарды тізбеледі. Білім беру саласы бойынша өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 231 млн 990 мың теңгеге Ақсуат ЖОББМ, 198 млн 836 мың теңгеге Долин ауылындағы Чапаев ЖОББМ күрделі жөндеуден өтті. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша кадр мәселесі өзекті. Теректі ауданында 2 аудандық аурухана, бір емхана, 6 ауылдық амбулатория, 31 медициналық пунк болса, онда 49 дәрігер, 259 орта медициналық персонал жұмыс жасауда. Алайда, ауданға гинеколог, жалпы тәжірибелі дәрігер, онколог, психиатр секілді мамандар аса қажет. Сонымен қатар, аудан орталығында жаңа емхана салу керектігі әр есептік кездесу сайын айтылады. Аудан әкімі өз есебінде 200 адамды қабылдауға арналған емхана құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамаға жолданғанын айтты. Бұл алға қарай жылжу бар деген сөз.
Есептік кездесу барысында ұялы байланыс мәселесі, таза ауыз су, көгілдір отын, тозығы жеткен электр бағаналары турасында да ашық әрі нақты фактілер көрсетілді. Көгілдір отынмен қамту бойынша, көрсеткіш 90 пайыздан 98 пайызға дейін көтерілген. Өткен жылы Долин, Богданов, Приречный ауылдық округтеріне газ келіп, халықтың еңсесі көтерілген еді.
Аудан басшысы өз баяндамасынан соң бірқатар теректіліктердің сауалдарына жауап берді. Облыс басшысы Ғали Есқалиев сөз алып, аудан әкімі Арман Өтеғұловтың жұмысына оң бағасын берді.
— Теректіде бірқатар жұмыстар жүзеге асырылған. Оған халық куә. Жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар жалғасын табады. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын дамыту мәселесін қолдаймын. Бұл бағыттағы жұмыстарға халықтың өзінің ниеті бар. Арман Кәрімұлы аудан аумағында туристік маршрут қалыптастыру туралы айтты. Осы жылы аудан орталығында мұражай салынбақшы. Міне, тарихты дәріптей отырып, жас ұрпақты өлкеміздің қыр-сырымен таныстыру жемісін беретін жұмыс. Ауданда бағымсыз мал мәселесі жиі көтеріледі. Осыны шешу керек. Бақташылармен жұмысты күшейтіп, жағдайын жасап, аталмыш мәселені бір жолға қойған дұрыс. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыстар жалғаса береді. Көше жолдары, ауылдарға кіреберіс жолдар, мектеп құрылысы мен жөндеуі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Биыл Барбастау –Индер бағытындағы жол жөндеу жұмыстары басталмақшы,-деді өз сөзінде Ғали Нәжімеденұлы.
Әділет ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар