27.01.2021, 15:48
Қараулар: 326
ЖЕТІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТТАРЫ ІСКЕ КІРІСТІ

ЖЕТІНШІ ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТТАРЫ ІСКЕ КІРІСТІ

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясы өтті.
Жиынға аудан әкімі Арман Өтеғұлов, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Армат Байғазиев және жаңадан сайланған депутаттар қатысты.
Сессияның ашылуында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Армат Амангелдіұлы:
— 10 қаңтарда өткен сайлауда аудандық мәслихат депутаттығына түсуге Теректі аудандық аумақтық сайлау комиссиясына үш партия — «Nur Otan» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы және «ADAL» саяси партиясы тіркелген болатын. Атап айтсақ, сол кезде «Nur Otan» партиясының партиялық тізімінде 24 кандидат, «Ауыл» ХДПП партиялық тізімінде 4 кандидат, «ADAL» саяси партиясының партиялық тізімінде 2 кандидат мәслихаттың аудандық деңгейінде халық қалаулысы болудан үміткер ретінде тіркелген. Аудандық мәслихат депутаттарын сайлау бюллетенінде 17716 теректілік «Nur Otan» партиясын, 3543 теректілік «Ауыл» ХДПП, 794 адам «ADAL» саяси партиясын таңдаған. Дауыс санау нәтижесінде, аудандық мәслихат депутаттығы мандаттарын бөлісуге «Nur Otan» партиясы мен «Ауыл» ХДПП» өтті. «Nur Otan» партиясы ұсынған 24 үміткерден 10-ы, «Ауыл» партиясы атынан депутаттықа үміткер ретінде тіркелген 4 адамның 2-еуі аудандық мәслихат құрамына ендi, — деп хабарлама жасады.
Сонымен, «Nur Otan» партиясының партиялық тізімі бойынша: Сержан Идиятов, Мирхат Ибраев, Әлжан Нұрғалиев, Шолпан Какижанова, Эльмира Өтепбергенова, Мирхат Жұмашев, Аманғали Бөкенбаев, Әділет Орынбасаров, Нұрсауле Аткеева, Николай Сунцов, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша: Айбек Тохмурзин мен Руслан Ибатовқа аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Армат Байғазиев жетінші шақырылған Теректі аудандық мәслихатының депутаттары ретінде тіркелгенін растайтын куәлік пен төсбелгіні табыс етті.
Әрі қарай жұмысын жалғастырған бірінші сессия төрағалығына депутат Мирхат Ибраев сайланды.
Күн тәртібіндегі аудандық мәслихат хатшысын сайлау мәселесі бойынша осы қызметке екі депутат – Әлжан Нұрғалиев пен Сержан Идиятов ұсынылды. Депутаттардың басым дауысын жинаған Ә.Нұрғалиев аудандық мәслихат хатшысы болып сайланды. Аудандық мәслихаттың екі тұрақты комиссияларының дербес құрамы бекітілді. Құрамына А.Бөкенбаев, М.Жұмашев, Р.Ибатов, М.Ибраев, Ә.Орынбасаров кірген бюджет, экономика, кәсіпкерлікті дамыту, экология, жер орналастыру және агроөнеркәсіпті дамыту жөніндегі комиссияның төрағасы болып Сержан Идиятов сайланды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның төрайымы Шолпан Какижанова болып бекітілді. Н.Аткеева, Н.Сунцов, А.Тохмурзин, Э.Өтепбергенова аталмыш комиссияның мүшелігіне енді.
Сессия соңында депутат Шолпан Бижанқызы кезекті сессияның төрайымы болып сайланды.
Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар