27.01.2021, 15:44
Қараулар: 338
«Елім» деген жастар бар

«Елім» деген жастар бар

Қазақстан жастарының патриоттық рухын оятатын, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай басталған «Менің туым – Менің Отаным!» челлендж Батыс Қазақстан облысына жетті.
Елдігі мен бірлігін көрсетіп, көк туды желбіреткен іс-шараны теректілік жастар қолдап, ұйымдастырып алып кетті.
Жалпы, атқа мініп, сап түзеп, ту көтерген жастардың бастамасын жақтаушылар да, даттаушылар да бар. Жақтаушылар жағы: «Бұл дұрыс. Елімізге, жерімізге көз тіккендер қорғаушысы бар екенін біліп отырсын» десе, даттаушылар «атты қансорпа қылып, босқа шапқаны несі» деген сөз айтады.
Қалай десе де, қадым заманнан күні бүгінге дейін ат үстінде ойнаған, сан ғасыр бойы жаугершілік заманда туған жерін, елін ат үстінде қорғаған ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ең асыл мұраларының бірі – жылқы міну мәдениеті әлі күнге дейін жоғалмай келеді.
Міне, бүгінде жастарымыз сол ата дәстүрді жаңғыртып, ат үстінде көк туымызды желбіреткенде, әрбір «елім» деген жанның рухы көтеріліп, туған еліне, жеріне деген құрметін арттыра түсетіні сөзсіз. Сондай рух оятқан, ауылдан ауылға жалғасып келе жатқан шеруді Абай ауылынан қабылдап алып, атқа мінген Ақжайық ауылы жастарына ақсақалдар батасын беріп, сәт сапар тіледі.
Ақжайықтың көшелерін айналып өткен жастар «Менің туым – Менің Отаным!» шеруін жалғастыру кезегін іргелес Үлкен Еңбек ауылы жастарына салтанатпен тапсырды.
Ғазиза Рахметова,
Ақжайық ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар